Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлердің сапасы тексерілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй құрылысының сапасы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында салынып жатқан құрылыс нысандарына бақылау жүргізді. Қазіргі таңда бұл тұрғын үй алабында 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Тағы бір көп қабатты тұрғын үй желтоқсан айына дейін пайдалануға берілмек. Ал №10 тұрғын үй маңына көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 123 пәтерлі №9 тұрғын үйдің құрылысын «Норис и К» ЖШС-і жүргізген. Жоба құны — 1,6 миллиард теңге.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №23 және №9 тұрғын үйлер уақытылы тапсырылады. Құрылыс материалдары дер кезінде жеткізілді. Қазір әрлеу жұмысы жүріп жатыр. Нысанды жылдың соңына дейін тапсырамыз», - деді «Норис и К» ЖШС-нің учаске басшысы Абиболла Жұмағалиев.

Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаевтың айтуынша, бұл шағын ауданда өткен жылы 1352 адамға пәтер берілген. Биыл 6 көпқабатты тұрғын үйдің 5-і, 11 аз қабатты үйдің 8-і тапсырылады. Құрылысы аяқталатын 13 үйде 1632 пәтер орналасқан. Сонымен бірге 71 аз қамтылған көпбалалы отбасына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Қазір оған конкурс жарияланған.

«Комиссия мүшелері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында салынып жатқан үйлердің сапасын қарады. Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе-1» тұрғын үй алабында 11 аз қабатты тұрғын үй, ал «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында көп қабатты 4 үй салынып жатыр. Ең қуаныштысы - жыл соңына дейін бәрінің құрылысы аяқталады. Жыл соңына дейін 365 отбасыға пәтер кілті тапсырылады деп жоспарлануда. Үйлер екі жылға дейін кепілдікте болады. Егер пәтердің сапасына қатысты қандай да бір мәселе туындаса, олқылық кетсе, мердігер ұйымдар өз қаржысы есебінен жөндейді», - дейді «Nur Otan» партиясының Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов.


Соңғы жаңалықтар