Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама арқылы бөлінген қаржы игерілмей қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өткен жылы 1 миллиард теңге қаржы игерілмей қалды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы қаржының тең жартысы үнемделсе, өзгесі мемлекеттік сатып алу конкурсының кеш өткенінен игерілмегенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Ақтөбе облыстық бюджетіне 96 миллиард теңге түсті. Оның 1 миллиард теңгесі мүлік пен көлік салығы. Ал қазынаның шығысы 194 миллиард теңгеден асқан. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы бүгін Қоғамдық кеңес алдында өткен жылдың жұмысын қорытындылады. Депутаттар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін, ардагерлерден құралған кеңес мүшелерін игерілмей қалған 1 миллиард теңгенің жайы қызықтырды.

«Биыл 1 миллиард теңге игерілмей қалды. Республикалық қазынадан бөлінген 492 миллион теңгенің 226 миллион теңгесі мемлекеттік сатып алу кезінде үнемделді. Конкурс кеш өткізілгендіктен 96 миллион теңгеден астам қаржы игерілмей қалды. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген 528 миллион теңгенің 320 миллион теңгесі үнемделді. Бос жұмыс орындары мен жеткізушілердің келісім шартты орындамағаны себеп болып, 154 миллион теңге кері қайтарылды», - деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ерғалиева.

Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы өңірге 9,3 миллиард теңге бөлінген болатын. Оның 188 миллион теңгесін жауапты басшылар кәдеге жарата алмай, кері қайтаруға мәжбүр болып отыр. Мәселен, №2 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін жөндеуге 96 миллион теңге бөлінген еді. Байқау кеш өтіп, конкурс кезінде жеңімпаз атанған компания келісім шартқа қол қоюдан бас тартты. Сонымен қатар, жол салуға бөлінген 6,7 миллион теңге, білім саласына тиесілі 1,3 миллион теңге кері қайтарылды. Соңғысы істі сотқа жеткізіп, екі тарап өзара келісе алмай жатыр.

Соңғы жаңалықтар