Ақтөбеде мектептер мен оқу орындарында дәстүрлі форматта білім алуға рұқсат берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде дәстүрлі оқу форматына рұқсат берілді. Мектептер мен арнаулы, жоғары оқу орындарына арнайы QR код арқылы кіргізіледі. Сонымен бірге асхана жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2021-2022 оқу жылдарына арналған жаңа қаулы шығарды. Өңірдегі барлық білім беру мекемесі штаттық режимде жұмысын бастайды. Тек бірқатар санитарлық талапты қатаң сақтауы тиіс. Біріншіден, педагогтар мен қызметкерлердің бәрі вакцина салдырған болуы тиіс. Тек медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдар мен COVID-19-ды жұқтырып, ауырғанына үш ай толмағандар анықтамасын көрсетуі қажет. Екіншіден, барлық білім беру ұйымына Ashyq қосымшасы енгізіліп, ата-ана мен мұғалімдер, қызметкерлер, арнаулы және жоғары оқу орнының студенттері QR код арқылы қауіпсіз мәртебесін көрсетуге міндетті.

«Маска тағу, ара қашықты сақтау тәртібі сақталуы тиіс. Сонымен бірге есік алдында дене қызуы өлшеніп, санитайзерлер орнату міндеттеледі. Ғимарат ішін жиі тазарту, желдету қажет. Бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында топтар мен сыныптарды біріктіріп, түрлі шаралар өткізуге болмайды. Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларын бөлек-бөлек оқыту ұсынылды. Олардың сабақ уақыты мен қоңырау кестесі әртүрлі болады. Асханада тамақтануға болады, бірақ санитарлық талап сақталуы тиіс. Ал студенттердің жатақханасына бөгде адам кіргізілмейді», - деп жазылған қаулыда.

Сонымен бірге студенттердің вакцинаның екінші компонентін алуы үшін жылжымалы медициналық пункт ұйымдастыру міндеттелді.


Соңғы жаңалықтар