Ақтөбеде мектеп пен балабақшалар «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы салынады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақтөбеге 20 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Басым бөлігі мектеп пен балабақша құрылысына жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген қаржы есебінен Ақтөбе облысында мектеп пен балабақша мәселесі шешіліп жатыр. Өткен жылы өңірде 65 инвестициялық жоба іске асырылды. Ақтөбедегі мектеп, балабақша құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға 18 миллиард теңге бөлініп, толық игерілді.

«Нұр Ақтөбе» ықшамауданында 1200, Заречный-3 елді мекенінде 600, Кірпіштіде 320 орынды мектеп салынды. Ал Қарғалы селолық округі мен Батыс ықшамауданында 320 орынды балабақша пайдалануға берілді. Білім нысандарының құрылыс жұмыстары биыл да жалғасады. Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарына 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жылу мен су, кәріз құбырын жаңарту жұмыстары да жүргізілді»,- деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева. Өткен жылы құрылысы басталған 5 мектептің құрылысы биыл әрі қарай жалғасады. Осы арқылы Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласындағы апатты мектептің мәселесі шешіледі.

«Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 48 инвестициялық жоба іске асырылады. Жобаны іске асыруға 20 миллиард теңге бөлінген. Қаржының 13 миллиард теңгесі мектеп пен балабақша құрылысына жұмсалады. Сонымен қатар, инженерлік желілерді тарту, су мен жылу, кәзір құбырларын жаңарту жұмысы әрі қарай жалғасады»,- деді Р.Айдашева. 

Соңғы жаңалықтар