Ақтөбеде мектеп-интернат оқушысынан COVID-19 анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жұмыс істеп тұрған мектеп-интернаттағы бір оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды.

Бір сыныптың оқушылары онлайнға көшіріліп, өзгесі дәстүрлі оқу форматында білім алып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі «Білім-Ақтөбе» мектеп-интернатының оқушылары арасында коронавирус инфекциясының тіркелуіне байланысты Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық ауру ошағында дереу эпидемияға қарсы іс-шара жүргізді.

«Бір оқушы мен байланыста болған 12 бала оқшауланды, медициналық бақылауға алынды. Бір сыныптың оқушылары 14 күн бойы онлайн білім алады. Өзгесі оффлайн оқуды жалғастырады. Мектеп-интернаттың барлық тәрбиеленушісі медициналық бақылауға алынды. Олардың температурасы күніне екі рет өлшенеді. Мұнда карантин, ешкім үйіне жіберілмейді», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі. Қазір мұнда 188 бала оқып жатыр.

Айта кетейік, өткен тәулікте өңірде тағы 121 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 93-і вирустың симптомды түріне шалдыққан. Әдеттегідей басым бөлігі Ақтөбе қаласының тұрғыны. Сонымен бірге Ойыл ауданынан өзгесінде де бірер адам ауырып, дәрігер көмегіне жүгінген. Қазір 3 мыңға жуық адам карантинде. Олар екі апта үйден шықпай, дәрігер бақылауында болады.


Соңғы жаңалықтар