Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 6 °С
Алматы: 16 °С
USD 327.42 EUR 383.51
RUB 5.29 CNY 51.26
Жаңалықтар

Ақтөбеде мектеп инспекторлары отыратын кабинет таба алмай жүр

2017 жылғы 16 қыркүйек 00:01 1032
Бөлісіңіз:

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мектеп инспекторларына арнайы кабинет берілмеген. Ал кейбір мектептер пен колледждер тәртіпті бақылайтын полиция қызметкерлерін шақырып, келтіре алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 128 мектеп инспекторы бар. Ереже бойынша 300 оқушысы бар мектепке 1 инспектор бөлінеді. Аудан орталықтарында инспектор бар, ауылдарда бұл қызмет учаскелік полиция қызметкеріне жүктелген. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының орталығында 110 мектеп инспекторы жұмыс істеп жүр. 

«Білім және ғылым министрлігі мен ІІМ-нің бірлескен бұйрығы бар. Мектеп инспекторларына жағдай жасалуы тиіс екені бұйрықта анық көрсетілген. Бірақ қазір мектеп инспекторлары назардан тыс қалып жатыр. Егер мектеп инспекторларына жағдай жасалмаса, арнайы кабинет берілмесе, біз білім ордасына бекітілген құқық қорғаушыларды алып тастаймыз. Себебі, бәріне полиция қызметкері керек, бірақ олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалмаған. Сонда полиция қызметкері дәлізде отыра ма? Облыстағы мектептер мен колледждерде 30 кабинет бөлінген. Бар болғаны 3 компьютер инспекторлар еншілігінде. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы 76 мектептің тек 9 білім ордасында кабинет қарастырылған. Өзгелерінде әлеуметтік педагог, психологтармен, мұғалімдер бөлмесімен біріктірілген», - деді Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев.

Ал Ақтөбедегі білім ордалары кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайды. Олар студенттер арасындағы әлімжеттікті бақылау  мүмкін емес деп отыр.

«Балаларды қарсы алып, сабақ біткен соң қоғамдық көлікке дейін апарамыз. Ауыл шаруашылығы колледжі маңынан учаскелік бекет ашылған еді, бірақ ол үнемі жабық тұрады. Полиция бекеті кешкі сағат 20:00-де ашылады, ал студенттер түскі мезгілде сабақтан шығады. Әсіресе, оқушылар шәкіртақы алған кезде қиналамыз. Әлімжеттік жасап, оқушылардың ақшасын тартып алатындар, төбелес шығаратындар бар», - деді Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі инспекторы Айгүл Балмағамбетова.

Ақтөбеде бір инспектор 3-5 мектепке қызмет көрсетуге мәжбүр. Бұл қиындықтардан хабардар басшылар әзірге олардың қатары артпайды деп кесіп айтты.

 

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Алтынай Сағындықова

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат