Ақтөбеде мектеп формасын кимеген оқушылар сыныптан сыныпқа көшпеуі мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында мектеп формасын кимеген 6 оқушы сыныптан сыныпқа көшірілмей қалуы мүмкін. Оқушыларға үш ай демалыста мектеп бағдарламасын толық игеру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде баласын мектепке жібермеген ата-аналар айыппұл төлеген болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс орталығында ғана емес, аудандардағы балалардың ата-аналарына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Оқу жылы аяқталғанда мектепке бармаған, сабақ оқымаған 6 оқушы сыныптан сыныпқа көшпей қалып отыр. Олар жаз айындағы демалыста мектеп бағдарламасын толық игеріп, тоқсан қорытындысына шығуы тиіс.

«Өткен оқу жылында 340 оқушы мектеп формасын сақтамай, сабаққа келген болатын. Жыл соңында 1-6 cынып аралығындағы 6 бала мектеп формасын кимегені үшін сабақтан қалды. Қазір Ақтөбе қаласы бойынша- 4, Шалқар ауданында 2 оқушы бар. Ата-аналардың қарсылығымен сабаққа қатыспаған балалар 1 қыркүйекке дейін берілген тапсырманы орындап, өткізген оқу бағдарламасын толық игеруі керек. Егер орындамаса, сыныптап сыныпқа көшірілмейді»,-деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, еліміз бойынша жаңа оқу жылынан бастап мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасында келісімшарт жасалады. Оқушыға мектеп формасын сақтау талабы міндеттеледі.

Соңғы жаңалықтар