Ақтөбеде медициналық-фармацевтикалық кластер құрылады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе өңірінде медициналық-фармацевтикалық кластер құрылады. Оған әлемдегі жетекші медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек өндірушілер, медициналық компаниялар, орталықтар мен ғылыми институттарды тарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірге жұмыс сапарымен келген «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевпен кездесті.

Жүздесуде Ақтөбеде медициналық-фармацевтикалық кластерін құру жайы сөз болды. Кластер қолданыстағы және жаңа дәрілік заттарды өндіретін, медициналық техниканы шығаратын инновациялық кәсіпорындарды, ғылыми-зерттеу институттарын, жоғары оқу орындарын, технопарктер мен басқа да ұйымдарды біріктіруге және құруға мүмкіндік береді. Олардың барлығы бір-бірімен байланыста болмақ. Бұл жеке компаниялардың және жалпы кластердің бәсекелестік артықшылығын нығайтады. Жобаны іске асыруға әлемдегі жетекші медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек өндірушілер, медициналық компания, орталықтар мен ғылыми институттар тартылады.

«Бүгінгі таңда инновациялық өнімдерді өндіруге, денсаулық сақтау саласын технологиялар трансферті, оны цифрландыру бағытында ілгерілетуге, сондай-ақ кластерлік бастаманы дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Өндірістік алаңдар мен жетекші медициналық жоғары оқу орындары Астана және Шымкент қалаларымен бірге Ақтөбе қаласында да бар. Бұл үш өңір – медициналық-фармацевтикалық кластер құруға ең қолайлысы және тартымдысы», — деді Ерхат Есқалиев.

Облыс әкімі бастамаға өңірлік деңгейде жан-жақты қолдау болатынын алға тартты.

«Біз денсаулық сақтау саласына инвестициялар тартып, озық технологиялар мен инновацияларды енгізуге, жоғары технологиялық медициналық техника өндірісін Ақтөбеде шоғырландыруға, фармацевтикалық өндірісті дамытуға, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мүдделіміз. Біз осы бағыттар бойынша жұмысты қолдауға дайынбыз», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бастаманы одан әрі дамыту және ілгерілету мақсатында жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына бірқатар мемлекеттік органдардың, Ақтөбе жоғары оқу орындарының, «СК-Фармация» ЖШС және т.б. өкілдері кіреді. Жұмыс тобының мүшелері қысқамерзім ішінде жобаны жүзеге асыру бойынша Жол картасын әзірлеуі тиіс.


Соңғы жаңалықтар