Ақтөбеде медицина қызметкерлеріне пәтер мен көлік берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Медицина қызметкерлері күніне орай Ақтөбеде пәтер мен қызметтік көлік кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының Ясный ауылында бүгін дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жоба құны - 90 млн теңге. Мұнда терапевт, акушер-гинеколог, фтизиатр мамандар жұмыс істейді, зертханалық талдаулар жүргізіледі.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ақтөбе медицина орталығы ғимаратында мұражай ашылды. Музей денсаулық сақтау саласының даму тарихын зерттеуге мүмкіндік береді.

Кейін өңірдегі ақ халаттыларды құттықтау рәсімі өтті. Денсаулық сақтау саласының 44 қызметкері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мақтау қағаздарымен және құрмет грамоталарымен марапатталып, 12 дәрігер «Еңбек ардагері» және «Алтын дәрігер» медалін иеленді.

Сондай-ақ, осы күні медицина мекемелерінің бас дәрігерлеріне 20 жаңа автокөліктің кілті табыс етілді. Көлік құралдары аудандық орталық ауруханалар мен жеті қалалық амбулаторияның автопаркін толықтырды.

«Халық денсаулығы - маңызды көрсеткіш және кез келген мемлекеттің даму индикаторы. Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқына жолдауында медициналық қызмет көрсету мен азаматтардың денсаулығын жасарту мемлекеттік маңыздылықтың басым міндеті болып жарияланған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша және 2019 жылдың бірінші жарты жылдығының ішінде халық денсаулығының негізгі индикаторлары бойынша Ақтөбе облысында оң динамика байқалатыны қуантады. Өмір сүру ұзақтығы 73,4 жасқа дейін ұзарған. Мемлекеттің қуатты қолдауының арқасында медициналық қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттыру жұмыстары жалғасатын болады», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Оңдасын Оразалин төрт жас маманға 500 мың теңгенің грантын беріп, медицина саласының төрт өкіліне пәтер кілтін табыс етті. Көпбалалы тағы бес қызметкер 400 мың теңгеден 1,7 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын алды. Олар бұл қаржыны мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында жеңілдетілген ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна ретінде төлейтін болады.

Соңғы жаңалықтар