Ақтөбеде Мәжілістің тұңғыш төрағасы Марат Оспановқа арналған конференция өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің тұңғыш төрағасы, Марат Оспановтың 70 жылдық мерейтойына арналған конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта бойы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде қоғам қайраткерінің 70 жылдығына арналған түрлі шара ұйымдастырылды.

Алдымен «Марат Оспанов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, реформатор, ғалым-экономист»тақырыбында студенттермен кураторлық сағаттар ұйымдастырылып, «Адам және қоғам» зияткерлік олимпиадасы болды. Шағын футболдан турнир, «Өмір - бір сәт» атты профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің Марат Оспанов атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Бақыт Оспановамен кездесуі өтті. Бүгінгі Ақтөбедегі конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен, Марат Оспанов атындағы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров және Марат Оспановтың жұбайы Бақыт Оспанова мен ұлы Арсен Маратұлы қатысты.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында елдің өсіп-өркендеуіне, егемен мемлекет ретінде аяғынан тік тұруына зор үлес қосқан жандар аз емес. Тағдырдың жазуымен солардың біразы біздің ортамызда жоқ. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, артында өшпес із қалдырған азаматтар аз емес. Солардың ішінде ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановтың орны айрықша. Біз оны республиканың Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары, ҚР бірінші шақырылымындағы Парламенті Мәжілісінің төрағасы ретінде ел дамуына үлес қосқан зор тұлға деп танимыз», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. М. Оспанов атындағы қамқоршылық кеңестің президенті Бақыт Оспанова облыс әкіміне және келген қонақтарға академиктің өмірі мен еңбегі баяндалған «Мен сенемін» атты кітабын сыйлады.

«Марат Оспанов еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болған ірі саяси тұлға. Егемендікке жол ашқан Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы деклорациясынан басталатын ел үшін маңызды құжаттар әзірлеуге қатысқан қайраткер. Ол елдің мұңы мен мұқтажын қорғауға бағытталған заңдардың әзірленуіне барлық білімі мен күш жігерін жұмсай білді. Асыл қасиеттерге ие зиялы, парасатты тұлға Марат Оспановтың асқан ақылының арқасында Мәжілістегі қызу пікірсайыстардың ортақ шешімі табылып, дағдарысқа жол берілмейтін», - деп еске алды Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова.

Соңғы жаңалықтар