Ақтөбеде мас күйінде кісі өлтірген күдікті ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде ішімдік ішіп, дау-жанжал туындаған кезде бірі екіншісіне пышақ сұғып алған. Күдікті ұсталып, қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына ер адам қоңырау шалып, Кутуев көшесінде орналасқан үйде жалғыз тұратын туысының денесін тапқанын хабарлады.

«Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы шамамен 45 жастағы адамның денесін тапты. Оның кеудесінде пышақ жарақаты болған. Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 44 жастағы ер адам ұсталды. Ол 22 тамызда жәбірленушінің үйінде ішімдік ішкен. Кейін екеуі сөзге келіп, пышақ сұғып алған. Жиналған дәлелдемелердің жиынтығы негізінде қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамалды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазір Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер тергеуге байланысты жария етілмейді.


Соңғы жаңалықтар