Ақтөбеде лифт шығаратын кәсіпорын салынады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Заман трейд» серіктестігі меморандумға қол қойды. Түрік инвесторларының қолдауымен өңірде лифт шығаратын кәсіпорын салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде лифт жөндеу, қондыру ісі шағын кәсіпкерлердің қолында. Әзірге жеделсаты құрастырып, шығаратын өндіріс орны жоқ. Бұл жобаны «Заман трейд» серіктестігі ұсынды. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен серіктестік екіжақты меморандумға қол қойды.

«Ақтөбе» индустриалды аймағынан 1 гектар жер беріледі. Жоспар бойынша 612 миллион теңге инвестициясы тартылады. Инвестиция Түркиядан болады. Мұнда 15 жұмыс орны ашылады. Меморандумға қол қойылды. Қазір құжаттар өңірлік үйлестіру кеңесіне әзірленіп жатыр», - деді «Ақтөбе» ӘКК баспасөз қызметкері Гүлвира Сейтенова.

Кәсіпорында лифт шығарылып, монтаждау жұмысы жүргізіледі. Қазақстанның батыс аймағы мен Ресейдің көршілес облыстарына шығарылмақ.

Айта кетейік, индустриалық аймақ 5 жыл бұрын құрылды. Ақтөбе қаласының өндірістік аймағында, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Мұнда 6,2 млрд теңгенің 7 кәсіпорны жұмыс істеп тұр. 340 жұмыс орны ашылды. Биыл 5 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. 315 жаңа жұмыс орны құрылады. Инвестицияның жалпы сомасы - 21, 8 млрд теңге.


Соңғы жаңалықтар