Ақтөбеде «қызыл» мәртебесі бар 70 адамға айыппұл салынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша «қызыл» мәртебесі бар 282 адам карантин шектеуін сақтамаған. Оның 70-іне айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша 4 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан мен мекеме «Ashyq» қосымшасын енгізген.

«Көшбасшы» мәртебесін алған 69 кәсіпкерлік нысан уақыт шектеуін созып, жұмыс істеуге рұқсат алды.

«Ashyq» қосымшасы арқылы «сары» мәртебесі бар 232 адамның карантин шектеуін сақтамағаны анықталды. Олардың бәріне қаулы таныстырылды. Сонымен бірге «қызыл» мәртебесі бар 282 адам да тіркелді. Тексеруден соң 70 адамға 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды», - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

3-9 қыркүйек аралығында мониторинг тобы мен полиция 26 материалды Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберді.

«Ақтөбеде шектеу шараларын бұзатындар қатары азаймай тұр. Той жасап, өзінің және жақындарының басын қатергі тігеді. Салтанатты іс-шара өткізгендері үшін «Хан орда» және «Гранд холл» мейрамханаларына екі рет, сондай-ақ «Алаша», «Ханшайым», «Байтерек» мейрамханаларына да айыппұл салынды. Маска тағу тәртібін сақтамағаны үшін «Дина», «Анвар» супермаркеттеріне және №51 маршрут автобус жүргізушісіне қатысты әкімшілік шара қолданылды. Карантин режимін сақтамағаны үшін «Аққу» сауда үйі үш рет, «Арай» және «Нурдаулет» сауда үйлеріне екі рет, «Оскар» караоке клубына және «Тиклед» дүкеніне 2 рет айыппұл салынды. Әлеуметтік қашықтық сақталмағаны үшін «Дина» супермаркеті де жазаланды. Бұзушылықты жою жөнінде ұйғарым берілді», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.


Соңғы жаңалықтар