Ақтөбеде Қытай және Италия инвесторларына қоқыс өңдеу зауытын салу ұсынылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе әкімдігі Қытай мен Италия инвесторларына қоқыс өңдеу зауытын салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигоны 10 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Қазір аумағы 60 гектар болатын полигонның басым бөлігі толып қалған. Таяуда өрт шығып, оны сөндіруге екі күн бойы 30-дан астам техника жұмылдырылды. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, алдағы уақытта полигон аумағында күзет күшейіп, бөгде адамның территорияға кіріп кетпеуі қадағаланатын болады.

«Ақтөбе қаласының қоқыс полигоны 2023 жылға дейін жарамды. Алдағы уақытта полигонға қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарда бар. Қаладан шыққан қоқыс тек сұрыпталса, енді Қытай мен Италия инвесторларының ұсынысын қарап жатырмыз. Олар қалдықты толық өңдеу жобасын ұсынды. Тіпті, электр қуатын өндіруге болады екен»,- дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ыбырай Күзбаев.

Айта кетейік, жергілікті әкімдік инвесторларға қоқысты шығару жобасын қоса ұсынған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қала аумағы 10 территорияға бөлініп, әрқайсысына жаңа компания бекітілгенімен, тұрмыстық қатты қалдықты шығару мәселесі шешімін таппады.

 

Соңғы жаңалықтар