Ақтөбеде құтқарушылар судан екі адамның денесін алып шықты

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде құтқарушылар 2 және 4 метр тереңдіктен екі адамның денесін алып шықты. Қайғылы оқиғаның бірі қалада, бірі ауылда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте 2 қайғылы оқиға болды. Сағат 22:06-да Ақтөбе облыстық ТЖД кезекшілік-диспетчерлік басқару пультіне қаладағы «Tropicana» жағажайында ер адамның суға кеткені туралы ақпарат түсті. Шақырту орнына құтқарушылар дереу жеткен кезде 27 жастағы ақтөбеліктің жеке жағажайда суға кеткенін анықтады. Оның денесі жағадан 10 метр қашықта 2 метр тереңдіктен шығарылды.

«Сондай-ақ, кеше Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылдық округіне қарасты Шеңгелші ауылында Жем өзеніне 34 жастағы ер адам батып кетті. Алматы облысы Талдықорған қаласы тұрғынының денесі 4 метр тереңдіктен шығарылды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Құтқарушылар суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларын еске салады:

- мас күйінде және есірткіге масаң күйде суға түсуге және шомылуға;

- қайықтардан, катерлерден, өткелдерден секіруге;

- тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге;

- жүзу шегін білдіретін белгілерден асуға;

- жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;

- су айдындарын ластауға және қоқыс лақтыруға;

- жалған дабыл беріп, айқайлауға;

- балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруге рұқсат етілмейді.


Соңғы жаңалықтар