Ақтөбеде күшті жел мектеп шатырын ұшырып әкетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Алға ауданы Тамды ауылындағы орта мектептің шатырын қатты жел жұлып кетті. Қалпына келтіру жұмыстары ертең басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1965 жылы салынған Тамды орта мектебі осыдан 10 жыл бұрын жөнделген. 21 наурыз күні қатты жел тұрып, шатырдың бір бөлігін ұшырып әкетті.

«Наурыз мерекесі күні мектеп шатырының 55 шаршы метрін жел ұшырып әкетті. Кеше қажетті құрылыс материалдарын сатып алдық. Мектеп шатырын жөндеуге аула клубының, балабақшаның жұмысшылары мен ата-аналар көмектеседі. Шығын көлемі әлі анықталып жатыр. Әзірге қажетті металл жабындыны сатып алуға 54 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалды», - деді мектеп директоры Алтын Жамансарина.

Қаржыны Алға аудандық білім бөлімі бөлді. Жөндеу жұмыстары ертең басталады. «Мектепке жөндеу жүргізу қажет. 2014 жылы жобалық-сметалық құжатты тапсырған болатынбыз. Әкімдік те жөндеу жүргізуге уәде берді. Бұл ауылдағы жалғыз білім ордасы. Мұнда 341 бала оқиды. Сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі», - деді А.Жамансарина.

Айта кетейік, 21 наурыз күні Ақтөбе облысында желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетті. Сол күні Алға ауданындағы бірнеше жеке үйдің шатырына да зақым келген. 

Соңғы жаңалықтар