Ақтөбеде күштеп емдеу орнына маскүнемдер сыймай жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметі маскүнемдерді күштеп емдеу мекемесіндегі орын санын арттыруды сұрады. Ішімдікке әуес адамдар мекемеге сыймай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметі депутаттар алдында есеп беріп, бірқатар проблемалардың шешімін сұрады. Біріншіден, маскүнемдерді күштеп емдеу мекемесі толық, адам қабылдамайды.

«Ішімдік ішетіндердің кейбірі отбасы мүшелері үшін қауіпті. Сондықтан оларды тез арада емдеу орнына жатқызу керек. Өткен жылдың басында екі ай бойы маскүнемдер қабылданбады. Себебі, мекеме іші толып қалған, орын жоқ. Биыл да жыл басында осы көрініс қайталанды»,- деді Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Әлиев.

Екіншіден, Ақтөбеде тұрмыстық жағдайда болған қылмыс саны 64 пайызға өсті. Тұрмыстық жағдайда зардап шеккендерді қабылдайтын дағдарыс орталығы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде өткен жылы ашылғанымен, әлі күнге дейін әйелдер мен балаларды қабылдамай тұр.

Үшіншіден, өңірде қылмыстың ізін суытпай ашу көрсеткіші төмен.

«Өткен жылы 1300-ден астам қылмыс ашылды. Көбі ұрлық, тонау, бұзақылық. Бұл аз. Оған өзіндік себебі бар. Мәселен, жергілікті полиция қызметкерлері көпшілік шараларда қоғамдық тәртіпті күзетеді. Өткен жылы апта сайын саябақта мәдени-спорттық шаралар өткізілді. Сонымен қатар, жол-патрульдік полициясы үнемі ресми делегация келгенде, балаларды, жанғыш заттарды тасымалдағанда төтенше жағдайдың алдын алу үшін жолдарды жауып, көмек көрсетеді. Мұның бәрі уақыт пен еңбек»,- деді Қанат Әлиев. 

Соңғы жаңалықтар