Ақтөбеде ҚР чемпионы Дәулет Хайролланың өліміне қатысты сот басталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Дәулет Хайролланың өліміне қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына С.Ж.Садуовқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Қаруды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», «Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу», «Адам өлтіру», «Бұзақылық ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс түсті.

«Айыптау актісіне сәйкес, Садуов атыс қаруын заңсыз алып жүрген, тасымалдаған және сақтаған. Сонымен қатар, биылғы 4 ақпан күні түсініспеушілік салдарынан Садуов алкогольдік мас күйде атыс қаруынан Ж.-ға оқ атқан, Ж. атылған оқтан құтыла алған. Артынша, Садуов жәбірленуші Х.-ға қаруды бағыттап, екінші рет оқ атқан. Келтірілген дене жарақатынан соңғысы қаза болды. Қылмыстық іс алдын ала тыңдау сатысында», - деп хабарлады Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен.

Бүгін каратэден Қазақстан кубогының үш дүркін чемпионы, марқұм Дәулет Хайролланың туған-туыстары сот алдына жиналып, бір емес, бірнеше күдіктінің іске жауапты екенін айтты.

«Ол жерде бір емес, бірнеше күдікті бар. Сондықтан біз істі қайта тергеуге жіберіп, қылмыс жан-жақты қайта қаралса дейміз. Бәрін жауапқа тартуды сұраймыз. Куәгерлердің айтуынша, күдіктіні қайрамағанда ол оқ атпас еді. Жан-жағындағылар «ат, ат!» деп айтқан екен», - деді Дәулет Хайролланың апасы Жадыра Айжанова.


Соңғы жаңалықтар