Ақтөбеде көз жұмған дүкеншінің күйеуі мән-жайды айтып берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Бадамша ауылында дүкен иесінің әйелі пышақ жарақатынан көз жұмды. Марқұмның күйеуі Тілектес Пірманов оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі сағат 13:00-де дүкенге барып, әйелімді алмастыруым кедек еді. Бірақ мен 14:00-ге таман бардым. Келушілерге арналған есік жабық тұр екен. Дүкен түскі үзіліске жабылмайды, әйелім басқа жаққа баратын шаруасы болса ескертіп айтады. Бұл жолы олай болмады. Артқы есіктен, яғни, подьезге кірсем велосипеді тұр екен. Ішке кіргенде «Фируза, Фируза» деп дауыстадым. Қоймада қол сөмкесі шашылып жатты. Бір нәрсе болғанын сездім де дүкеннің ішіне кірдім. Терминал құлап қалған, тоңазытшықтың жанында әйелімнен қан кетіп жатқанын көрдім. Басын ұстадым, ес-түзсіз жатыр екен. Қан көп кетіп қалған, «көл» болды. Қарсыласқаны көрініп тұр. 30 рет пышақ сұғылған дейді. Кеудесіне сала берген пышақты. Тіпті мойын омыртқаға дейін пышақтаған», - деді марқұмның күйеуі Тілектес Пірманов. Оның айтуынша, күдіктінің бірін олар таныған, дүкенге үнемі келіп жүретін ауыл тұрғыны болған.

«Біздің арамызда қандай да бір жанжал болмады. Ара-тұра қажетті заттарын қарызға алып жүрді. Нақты неше адам келгенін білмеймін. Біреу, екеуі, тіпті, үшеу деп айтып жатады. Ауданда тәртіпті күшейтсе екен дейміз. Бәрімізде қорқыныш бар. Ол жерде бала болса қайтер едік... Алдыңғы есік кілттеулі, күдікті подъезден шығып кеткен. Ештеңе алмаған, тек ақша. Жобамен 40 мың теңге ақша мен бір уыс тиынды алды», - деді марқұмның күйеуі Тілектес Пірманов.

Марқұм Фриуза Пірманова мен Тілектес Пірмановтың екі қыз, бір ұлы бар. Үлкен қызы консерваторияны бітіріп, оқуын жалғастырмақ. Ұлы да Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнында білім алып жүр. Ал кенжесі биыл мектепті үздік бітіріп, Алматыға аттанды. Балалары алғыр отбасы күдіктілердің әділ жазасын алғанын қалайды.

«Адамдар қарызға алып, ақшасын бермей кететін. Ал біз алар ақшамызды сұрамайтынбыз. Тіпті бейнекамера қондырмай, бәріне сендік. Адам көп жүретін жерде мұндай қылмыс болады деп ойламаған едік. Бұған дейін ауылда бір дүкеннің күзетшісін байлап, ақшасын алып кеткен. Сол кезде ғана бейнебақылау жайы айтылды», - деді ол.

Ауыл тұрғындары тәртіпті күшейтуді, полиция қызметкерлерінің көшені бақылауға алуды сұрады.

«Жас жігіттердің түріне қарсаң бәрі дұрыс сияқты. Бірақ адамның ішінде не бар екенін білмейміз. Полиция үнемі жаяу жүріп, қарау керек. Көлікпен қарағанда ештеңе сезбейді. Тал түсте болған жағдайдан соң қорқамыз», - деді ауыл тұрғыны Серік Қазмағамбетов.

Еске салсақ, оқиға 14 тамыз күні болған еді. Полиция қызметкерлері екі күдіктіні тауып, қамауға алды.

Айта кетейік, осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалып, тергеу басталды.

Соңғы жаңалықтар