Ақтөбеде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны артты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Жасыл» аймақтағы Ақтөбе облысында бір тәулікте 21 адамнан коронавирус анықталды. Эпидемиолог мамандар сақтық шарасын күшейтуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте өңірде коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдар саны күрт артты. Барлығы 21 жағдай тіркелді. Дертке шалдыққандар — Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Мұғалжар аудандарының тұрғындары. Дәрігерлер олармен жақын қарым-қатынаста болған тағы 20-дан астам адамды бақылауға алған.

«Ақтөбе облысында 108 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 37 науқас инфекциялық стационарда. Барлығы 9 науқас жансақтау бөлімінде болса, оның біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ауру белгілері анықталған жағдайда бірден учаскелік дәрігерге хабарласу керек. Өз бетімен емделуге болмайды», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Ақтөбеде тағы 60 адам карантинде жатыр. Эпидемиолог мамандардың айтуынша, өңірде өсім бар. Сондықтан арақашықтыты сақтап, маска тағып, антисектикті қолданып жүрген дұрыс.

«Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында коронавирус жұқтырғандар саны көп. Соңғы тәулікте Ақтөбеде де өсті. Көп адам жиналатын орынға бармаған жөн. Ғимарат ішінде, қоғамдық көлікте маска таққан дұрыс», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының орынбасары Мұхтар Сербаев.


Соңғы жаңалықтар