Ақтөбеде коронавирус инфекциясын жұқтырған үш жүкті келіншектің жағдайы ауыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе бір тәуліктен соң «жасылдан» қайта «сары» аймаққа өтті. Қазір 300-ден астам адам инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша бір тәулікте тағы 99 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бейсенбі күні «жасыл» аймаққа өткенімен, бүгін қайта «сарыға» ауысты. Қазіргі кезде 300-ден астам адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 30-ы жансақтау бөлімінде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 6 адам жасанды тыныс алу, 20 науқас инвазивті емес тыныс алу құрылғысына қосылған.

«Облыста 107 баладан коронавирус инфекциясы анықталса, оның үшеуі ауруханада жатыр. Олардың жағдайы орташа ауыр. Сонымен бірге 28 жүкті әйелден КВИ анықталып, 15-і инфекциялық стационарға жатқызылған. Қазіргі кезде үш жүкті келіншектің жағдайы ауыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Өңірде Теміржол ауруханасы мен «Шағала» емдеу орнындағы инфекциялық стационарлар жабылды. Қазір Ақтөбе қаласы бойынша облыстық фтизиопульмонологиялық орталық, инфекциялық аурухана мен Ақтөбе медицина орталығы ғана COVID-19 жұқтырған науқастарды қабылдап жатыр. Инфекциялық кереуеттер жүктемесі 45,4%, ал жансақтау бөлімінде 37,7% құрап отыр.

«Ақтөбе облысы бойынша оқу жылы басталғалы 700-ден астам оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Ал қазір 100-ден астам бала бақылауда. Барлығы 112 сыныптың оқушысы карантинге жіберіліп, олар қашықтан білім алып жүр», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова.

Айта кетейік, облыс бойынша 1200-ден астам адам стационарлық ем қабылдап жүр. Олар вирусты жеңіл түрде өткеріп жатыр. Арасында кері әсерін сезбесе де ПТР сынамасы оң мән көрсеткен адамдар бар.


Соңғы жаңалықтар