Ақтөбеде коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарды оңалту үшін 34 млн теңге бөлінді

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде биыл оңалту жұмыстарына барлығы 3 миллиард теңге қарастырылған. Оның 34 миллион теңгесі коронавирус инфекциясымен ауырып, жазылған науқастарды оңалтуға жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қазір бір кездері коронавирус инфекциясын жұқтырып, жазылған адамдарды оңалту жұмысы жолға қойылған.

«Әрбір емхана амбулаторлық көмк көрсетеді. Сонымен бірге күндізгі стационар бар. Оңалту орталықтары мен шипажайларда да ем қабылдауға болады. Облыс бойынша 40-қа жуық амбулаторлық мекеме бар. Сол емханаларда тіркелген адамдар оңалту емін ала алады. Оған емдік дене шынықтыру қызметі, физиотерапия және дәрілік ем кіреді. Егер физиотерапия бөлімі болмаса, өзге емдеу мекемесіне жолдама береді», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Оңалту жұмысы әсіресе коронавирус инфекциясын жұқтырып, жансақтау бөлімінде ем қабылдаған адамдар үшін маңызды. Сонымен бірге өкпесінің тең жартысы зақымданған, тыныс алу жолы сыр берген, демігіп, ентігіп қалатын адамдар да міндетті түрде сауықтыру кешендеріне баруы тиіс.

«Міндетті медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында оңалту шарасына қаржы бөліп отыр. Биыл 33 емдеу мекемесімен келісім жасалды. Былтыр барлық оңалту жұмысына 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінсе, оның 34 миллион теңгеден астамы коронавирус инфекциясына шалдығып, кейін ем қабылдаған науқастарға жұмсалды. Биыл барлығы 3 миллиард теңге бөлінсе, оның да 34 миллион теңгесі ковидтен жазылған адамдарды оңалтуға бөлінеді», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Алтай Уразбағамбетов.


Соңғы жаңалықтар