Ақтөбеде көпбалалы отбасы балаларына 180 оқу гранты беріледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде облыс әкімінің 100 гранты мен Ұлттық қор есебінен 180 оқу гранты берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін оқу грантын бөлу комиссиясының отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелерінен өзге денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы, дене шынықтыру және спорт, дін істері, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылары қатысты. Басқосуда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға арнайы бөлген 100 грантына ЖОО іріктелді. Грантты жеңіп алуға жергілікті ЖОО-лардан бөлек Астана, Алматы, Атырау, Орал қалаларының оннан астам оқу орны қатысқан. Бүгін мемлекеттік грантты иелене алмай қалғар жастар үшін облыс әкімінің арнайы бөлген 100 гранты үлкен мүмкіндік болып отыр.

«Мақсатымыз - облыста сұранысқа ие мамандарды әзірлеп, жастардың сапалы білім алуына жол ашу. Олар болашақта өңір дамуына өз үлесін қосады деп сенемін», - деді Оңдасын Оразалин.
Комиссия отырысының шешімімен облыс әкімінің 100 гранты С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеттерінде білім алатын жастарға берілді.

«Өңірде орыс тілі мен әдебиеті, математика-физика, ветеринария, ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс жоғары. Комиссия аталған ЖОО-ларды бірнеше шарттар бойынша таңдады. Жатақханамен қамту, білім сапасы, талапкерлерге қолайлылығы сынды 12 шарт ескерілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының нысаналы трансферт есебінен 180 грант бойынша байқауға түскен ЖОО-лар да іріктелді. 180 грант мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушы және көпбалалы отбасының балаларына арналған. Олардың аттестаттағы бағасы мен ҰБТ-дан жинаған балы ескеріледі. Талапкерлерге мемлекеттік білім грантын тағайындау тамыздың 15 – 20 аралығында өткізіледі», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар