Ақтөбеде компания басшысы жұмыс орнында өзіне қол салды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында компания басшысы өз-өзіне қол жұмсады. Дәрігерлер бірнеше сағат ота жасағанымен 48 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ІІД адам өліміне қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалды.  

Анықталғандай, компания «312 атқыштар дивизиясы» даңғылы бойындағы нысанды жалға алған. Өз-өзін өлтіруге барған азамат сол компанияның басшысы.

«6 маусым күні сағат 12:20 шамасында Ақтөбе облысы ІІД жедел басқару орталығына «312 атқыштар дивизиясы» даңғылы бойында орналасқан жеке компаниялардың бірінің аумағында жарақат алған адам туралы хабарлама түсті. Мәлім болғандай, Ақтөбе қаласының тұрғыны өзіне-өзі қол жұмсаған. Дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізіліп, бірнеше сағаттан соң ол көз жұмды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Соталды тергеу амалдары басталды, бірқатар сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

Облыстық жедел жәрдем ауруханасында дәрігерлер бірнеше сағат ота жасап, оны аман алып қалуға күш салған. Бірақ отадан кейін ер адам  қайтыс болды.

«Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасына ауыр жағдайда науқас түсті. Науқас ес-түссіз, травматикалық шокта болды. Бірден ота жасалды. Отаға үш бригада хирург қатысты. Өкінішке қарай, кеудесіндегі түрлі жарақатынан сағат 8:20-да көз жұмды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мамбетжанова.

Компания басшысының нақты қандай жарақаттардан қаза болғаны нақтыланбады. 

Соңғы жаңалықтар