Ақтөбеде көліктердің қар құрсауында қалуына жол тазалаушылар кінәлі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» компаниясы қар жауған кезде жолды уақытылы тазалап үлгермеді. Себебі техникасы ескірген. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов облыс әкімдігінде өткен жиында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында қыста өңірдегі жолдарды күтіп ұстау мәселесі талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, 3 қараша күні «Самара-Шымкент» тасжолының Қарабұтақ ауылынан Қызылорда шекарасына дейінгі аумағы жабылды. Ал 4 қарашада Ырғыздан Қалыбай ауылына дейінгі жолда 196 көлік, соның ішінде Тәжікстанның 16 азаматы мінген автобус болды. 8 тұрақты жылыту бекеті ашылып, оның алтауына 212 адам эвакуацияланған. 4 күн ішінде қар құрсауынан 230 адам, оның ішінде 38 бала эвакуацияланып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

«Облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау міндетін мойнына алған »ҚазАвтоЖол« мердігер компаниясының техникалық мүмкіндігі жетпейді. Мекемеде қазір 79 техника бар, көбі тозығы жеткен. Негізі норматив бойынша 146 техника болуы қажет», -деді Бауыржан Сыздықов. Облыс әкімі жағдайдың алдын алмай, жүздеген адамның қар құрсауында қалуына жол берген жауапты мамандарға қатаң ескерту жасады. «Жауапты мекеме басшылары мен аудан әкімдерінің жаз бойы немен айналысқаны белгісіз. Алғашқы жауған қарда-ақ дайындықтарыңның қандай деңгейде екенін көрсеттіңдер. Онымен қоса қар құрсауында қалған азаматтар мен балаларға барлық көмек кешіктірілген», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Аймақ басшысы «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның басшысы Ерболат Әмірбековке бір апта ішінде техника санын арттыруды тапсырды. Енді техника ең болмағанда жалға алынады. Еске салсақ, 3 қараша күні сағат 18:33-те «Самара – Шымкент» тасжолының 1 153-1 240 шақырымы аралығында көліктердің қар құрсауында қалғаны хабарланды. Хабарлама берілгенімен көбі жолға дайындықсыз шыққан әрі қысқа арналған дөңгелегі салынбаған.
Соңғы жаңалықтар