Ақтөбеде көлік инспекторына пара ұсынған жүргізуші істі болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Мәскеуден жүк тасымалдаған қазақстандық жүргізуші көлік инспекторына 5 мың теңге пара ұсынған. Пара беру дерегі дереу тіркеліп, іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Ақтөбе қаласында тіркелді. Түркістан қаласының тұрғыны Мәскеу қаласынан энергетикалық сусын мен тез дайындалатын кеспе өнімдерін тасымалдап, оны көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері тоқтатты. Тексеру кезінде жүк көлігіндегі тахограф жұмыс істемеген. Сол сәтте жүргізуші әкімшілік жауаптан жалтарып, инспекторға 5 мың теңге көлемінде пара берген.

«Инспекция қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне хабар берді. Дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігімен іс қозғалды. Ақтөбе көлік прокуратурасы қылмыстық істі зерделеп, айыптау актісін дайындады. Сот отырысы кезінде прокурор сотталушыға параның 15 еселенген мөлшері негізінде айыппұл салып, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Істі қараған сот прокурордың жаза тағайындау туралы ұсынысын құптады. Сотталушы белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен бірге 75 мың теңге айыппұл төледі. Сот үкімі күшіне енді. Бүгінде қылмыстық қудалау органдарында лауазымды тұлғаларға пара беру дерегі бойынша өзге де қылмыстық істерге тергеп-тексеру жүріп жатыр. Лауазымды тұлғаларға пара беру қылмыс екендігін ескерген жөн», - деп хабарлады Ақтөбе көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар