Ақтөбеде көлік апатынан бір отбасының екі адамы ауыр жараланып, екеуі мерт болды
2022 жылғы 20 мамыр 13:00

Ақтөбеде көлік апатынан бір отбасының екі адамы ауыр жараланып, екеуі мерт болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе-Атырау тасжолында жол-көлік апаты болып, әйел адам мен оның қызы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін сағат 00:10-да Ақтөбе-Атырау тасжолында болды. Байғанин ауданының 40 жастағы тұрғыны отбасымен бірге «Renault Duster» автокөлігімен жолға шыққан. «Ақтөбе–Астрахань» тас жолының 248 шақырымында, яғни, Қарауылкелді ауылынан 1 шақырым жерде олар жол жиегінде тұрған «Iveco» жүк көлігіне соғылған.

«Кейін «Renault Duster» автокөлігі жол жиегінде тұрған екінші «КамАЗ» жүк көлігіне барып соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізушінің 41 жастағы әйелі мен 3 жасар қызы оқиға орнында көз жұмды. Отағасы және оның 2005 жылы туған ұлы Байғанин аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ақтөбе облыстық ПД барлық көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережесін сақтауды сұрайды.


Jańalyqtar

MURAǴAT