Ақтөбеде қолдан қару жасағандар сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қолдан қару жасап, пайда тапқан қылмыстық топқа үкім шықты. Олар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», «Қаруды заңсыз жасау»,  «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» баптары бойынша қылмыстық іс қаралды.

Іс материалына сүйенсек, сотталушы Әнуар Жолмағамбетов интернеттен «Байкал» маркалы тапаншасының «МР-79-9ТМ»  моделін қолдан жасауды үйрететін бейнематериалды қарайды. Техникалық жағынан «Макаров» қаруына ұқсас тапанша жасауға болатынын білген соң пайда таппақ болады. Кейін сотталушы А.Жолмағамбетов «Байкал» маркалы қаруын сататын орын мен темір ұстасын іздейді. Ол «Мерген ЛТД» ЖШС-ның қару сататын дүкенінде жұмыс істейтін менеджер Нұрлан Берденовпен танысады. Темір ұстасы Б.Қанатовты да табады.

Ұста арнайы сызба бойынша қару-жарақ дайындауға қажетті бөлшектерді жасап береді. Ал қару қаладағы гараждардың бірінде дайындалады. Оқ-дәріні қару сататын дүкеннің менеджері Н.Берденов табады. Ол өзінің жұмыс орнын пайдаланып, қоймадан алдымен 640 дана оқ алып шығарады. Кейін оны А.Жолмағамбетовке 128 мың теңгеге сатып жіберген.

Техникалық негіздемесі «Макаров» тапаншасына сай келетін қару дайындалған соң сотталушы А.Жолмағамбетов оны сату жолын іздейді. Дәл осы кезде Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері заңсыз қару сату дерегін анықтайды. Кейін «Север» лақап атымен қаруды сатып алатын адамды жіберіп, 250 мың теңгеге  алады. Сөйтіп газ тапаншасынан атыс қаруын жасаған сотталушы А.Жолмағамбетовтың қылмыстық ісі әшкере болады.

Айта кетейік, сотталушы А.Жолмағамбетов қылмыстық ісін жалғастырып, заңсыз қару жасау ісіне танысы Руслан Кунисов, Мұхамбетияр Ереновті араластырады. Сотталушы Мұхамбетияр Еренов қаруды танысы Р.Михетовке сатпақ болады. Бірақ ол қылмыстық іс туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментіне хабарлайды.

Сот отырысы кезінде сотталушылар ақшаға мұқтаж болған соң заңсыз қару дайындағандарын айтып, өз істеріне өкінді. Қару дүкенінің менеджері Н.Берденов шығынды толық өтеп, қоймадан ұрланған оқ-дәрілердің ақшасын қайтарды.

«Сотталушы Әнуар Жолмағамбетов Қылмыстық кодекстің «Қаруды заңсыз жасау», «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» баптары бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушы Нұрлан Берденов Қылмыстық кодекстің «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу», «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» баптары бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын»,- деді судья Ерлан Бақытжан.

Сонымен қатар, сотталушы Руслан Кунисов пен Мұхамбетияр Еренов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Фото: rusargument.ru 

Соңғы жаңалықтар