Ақтөбеде қоқыс тасымалдайтын компаниялар тарифті көтеруді жоспарлап отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде жолақы бағасымен қатар қоқыс тарифі көтерілуі мүмкін. Тұрмыстық қатты қалдықты шығарушылар тарифті 105 теңгеден 305 теңгеге көтеруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында қоғамдық тыңдау өтіп жатыр. Қоқыс тасымалдайтын компаниялар шығынның көбейгенін айтып, бағаны үш есе көтеруді сұрады.

«Қазір жергілікті әкімдік өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық белсенді топ мүшелері аулалардағы қоқыс шығару жұмыстарын қарап, компаниялардың жұмысымен танысып жатыр. Қоқыстың уақтылы шығарылғаны дұрыс. Біздің талап осы. Сонымен қатар, қоқыс шығарушы компаниялар шығынның артқанын ескеріп, бағаны көпқабатты тұрғын үйлерге 305, жеке тұрғын үй алабына 345 теңгеге көтеруді сұрады. Халық пікірі ескеріліп, шешімді қалалық мәслихат депутаттары қабылдайды»,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов.
null

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы қоқысты шығаратын компаниялардың бірі жұмысын тоқтатып, екіншісі қызмет көрсетуден бас тартты. Мамыр айынан бері қала аумағы 10-ға бөлініп, мердігер компаниялардың тізімі жарияланды. Арнайы техникасы жоқ компаниялар екі айдан соң қызмет көрсетуден бас тартып, қала қоқысқа тола бастады. Қазір қала территориясы 4 бөлікке бөлініп, 3 компания қызмет көрсетіп жатыр.

«2021 жылға қарай Ақтөбе қаласында қоқыс өңдеу зауыты салынады. Қазір 5-6 инвестордың ұсынысы қаралып жатыр. Қалаға жаңа контейнерлер қойып, қызмет көрсету сапасын арттырамыз. Әрі қоқысты сұрыптауға мүмкіндік беретін арнайы контейнерлер әкелінеді. Бәріне уақыт пен қаржы қажет»,- деді Қуандық Қасымов. 

null

Соңғы жаңалықтар