Ақтөбеде қоқыс полигоны жанып, қаланы көк түтін басты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында полигон жанып, қазір бықсып жатыр. Қаланы көк түтін басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер қаланы көк түтін басып, тұншыға бастады.

Қазіргі кезде қаланың бірнеше шағын ауданында ыс иісі қатты шығып тұр. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоқыс полигоны кешеден бастап жанған.
«Ақтөбе қаласы Астана ауданы қалалық қоқыс полигонында қоқыстың бықсып жануы тіркелді. Шақырту орнына ТЖД және «Табыс Ақтөбе» ЖШС-нен 23 адам мен 12 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда бықсып жатқан қоқыстың бетін топырақпен жауып, сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеше өрт басталып, сөндірілген. Бүгін қайта тұтанды»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық экология департаментінің инспекторлары полигонға барып, ауаны ластаушы заттарды арнайы құрылғымен өлшеді. Оның мөлшерін әлі хабарламады.
Еске салсақ, былтыр да Ақтөбе қаласын көк түтін басты. Аумағы 60 га болатын полигон толып, жаңасы соның дәл жанынан салына бастады.


Соңғы жаңалықтар