Ақтөбеде көктемгі су тасқынында қанша жолды су шайғаны белгілі болды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Биыл көктемгі су тасқыны кезеңінде респуликалық 5, облыстық және аудандық маңызы бар 7 жолдан су өтіп кетті. Салдарынан бірнеше ауылға қатынас уақытша шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша Ойыл және Қобда аудандарында көктемгі су тасқыны кезеңі ауыр өтті.

Бұл екі ауданда да жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланып, үйлерге су кірді.

Қазіргі кезде арнайы комиссия шығынды есептеп жатыр.

Ал Қобда ауданында 24 үйдің құрылысы басталды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр биыл көктемгі су тасқыны кезеңінде су өткен жолдар мен көпірлер жайын айтты.

«Биыл респуликалық 5, облыстық және аудандық маңызы бар 7 жолдан су өтіп кетті. Байғанин ауданындағы Ноғайты ауылына кіреберіс жолға былтыр су өткізу құбырлары салынды. Биыл су көп келіп, жанын шайып кетті. Екі күнде жол қайта қалпына келтірілді. Темір ауданында су жиналып, жолдың үстінен өтті. Мұнда жолды шаймады, тек үстінен өтіп кетті. Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына барып, су сору жұмыстарын жүргізді. Ал Ойыл мен Қобда ауданында су көп келді. Ойылда екі көпірді су шайды. Бұған дейін жеңіл көліктің жүруіне рұқсат етті. Жөндеуден кейін жүк көлігі де жүре алады. Қобда ауданы бойынша Қобда-Жиренқопа ауылы аралығында жолдан су өтіп кетті»,- деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Айта кетейік, жолдар мен көпірлердің кейбірінде былтыр жөндеу жұмысы басталып, биыл аяқтау жоспарланған.

Мәселен Алға ауданы Қарақұдық ауылына апарар автомобиль жолына су өткізгіш құбырын салу үшін қазынадан 30 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Былтыр су өткізгіш құбыры орнатылып, жерді нығайту жұмыстары атқарылды.

Алайда күзде жұмыс толық орындалмады. Салдарынан көктемгі су тасқыны салдарынан су өткізгіш құбырларының астыңғы жағын су шайды.

«Мердігер кемшіліктерді жойып, жобаға сәйкес барлық тиісті жұмысты толық көлемде атқарады. Бүгінгі күні Қарақұдық ауылы тұрғындарының облыс және аудан орталығына қатынауы үшін Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық облыстық маңызы бар автомобиль жолы ашық. Олар ауылға Үшқұдық ауылы арқылы бара алады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар