Ақтөбеде көкпар ұлттық ойыны кенже дамыған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік оқушылар №10 ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар және жасөспірімдер мектебінде жаттығады. Өңірдегі жалғыз мектеп әзірге көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату мен күрес, тоғызқұмалақ үйірмелерін ашып қойды.

Қазір бар күш «Көкпар» ұлттық ойынын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 №10 ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар және жасөспірімдер мектебі Наурыз мерекесіне орай орталық саябаққа ағаш үй тікті. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіп, ұйымдастыру осы мектеп ұжымының міндетіне жүктелген. Мектептегі спорт шеберлері мен шәкірттер Наурыз мерекесіне орай дайындықты екі күн бұрын бастады.

null 

Спорт мектебінде қазір 372 бала бар. Олар теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, көкпар үйірмелеріне қатысады. Сонымен қатар, қазақ күресі мен тоғызқұмалақ үйірмелеріне барады.

«Ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар және жасөспірімдер мектебінің атауын ұлттық спорт деп өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрын жанымыздағы ипподром жекенің қолында болды. Оны қайтарып, бізге беріп жатыр. Жабық манеж салынды, енді қысы-жазы дайындықты үздіксіз жүргізуге мүмкіндік бар. Жетістіктеріміз де аз емес. Әлихан Бәшімбаев теңге ілуден 7 дүркін ҚР чемпионы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері. Аударыспақтан Арман Сағымбаев, Шыңғыс Ержанов бар. Олар жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы. Мектепте 45 ат бар. Оның 12-сі көкпарға арнайы бөлінген»,- дейді №10 ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақтияр Төлеуов.

Балалар әртүрлі. Олардың бірі үйірмеге жазылып, кейін кетіп қалады. Басым бөлігі аттан алыс ұзамай, жаттығуларға үзбей қатысады. Талап бойынша мектеп шәкірттерді қыркүйек айында жинап, тәрбиелейді. Жыл ортасында қосылуға мүмкіндік жоқ. Әрі барлық үйірмелер толық, кезек күтіп жүрген балалар да бар.

null 

«Ат спорты мектебіне келген бала алдымен атқа мініп үйренеді. Кейін көкпаршылар, аударыспақшылар деп бөлек, икеміне қарай кәсіби жаттықтырамыз. Бір қуантарлығы, шәкірттеріміз бәйге аттарында шауып жүр»,- деді Б.Төлеуов.

Спорт мектебіндегі аттардың барлығы - таза қанды жылқылар. Кейбірі Ресейден әкелінген. Ерекшелігі, бәйгеге емес, көкпар тартуға басымдық берілді.

«Аттардың барлығы алынды, жеткілікті. Біз бәйгеге қатыстырмаймыз. Ұлттық спортты көтеру мақсатында көкпар, ауырыспақ, теңге ілу, жамбы атуға шығарамыз. Көкпардың аты бөлек. Оған бала мінуге болмайды. Жарыстарға дайындап, семіртіп, жілік майын толтырып, бабы келгеннен кейін ғана  қосамыз. Мәселен, 40 күн жілік майын жинау үшін тұратын болса, әрі қарай 100, 500 метр жүргізіп, дайындайды. Содан кейін көкпарға қосамыз. Бір өкініштісі, өңірде көкпар спорты кенже дамып келе жатыр. Оңтүстік өңірде жақсы дамыған. Ол жақта той, үлкен ас болатын болса, көкпар іледі. Бізде бәйге жарыс өтеді. Қалталы азаматтардың бәрі бәйге атын ұстайды»,- деді Б. Төлеуов. Оның айтуынша, еліміздің оңтүстігінде 1 мың  жігіттен 100 жігіт, 100 жігіттен 10 жігіт іріктеледі екен. Таңдау бар, мықтылар топ жарады.  Ал Ақтөбеде іріктеу өтпейді. Бәрі спорт мектебінің шәкірттері, ұстаздары. «Біздің өңірде мектептен кім шығады, сол қатысады. Іріктеу жоқ. Көкпардан тұңғыш спорт шеберіміз Нұрлан Додай бар. Қазір шәкірттер жаттықтырушы қызметін атқарып жүр. Шыңғыс Ержанов, Арман Сағымбаев ұлттық спортты дамытуға үлес қосып келеді»,- деді мектеп директоры.

null 

Спорт мектебіне қыздар да барады. Бұрын қыз қуу өтіп тұратын. Кейін таза қанды аттар жарысқа түсіп, қыздардың қауіпсіздігі ескерілді. Қыз қуу спорт түрінен алынып, жамбы ату енгізілді. Дегенмен, бұл шектеу қыздардың қызығушылығын төмендетпеді. Әсересе, орыс ұлтының қыздары жануарға жақын. Олар таңертең келіп, кешке дейін ат күтімін жасауға шебер.

«Ұлттық спорт түрлері дегенде асық атуды қосады. Жарыстарға шығарамыз. Бірақ ережесі министрлікте бекітілмегендіктен спорт шеберіне үміткер, спорт шебері деген атақ берілмейді. Қазір негізгі күшті көкпарға салдық. Атырау, Маңғыстауда үлкен деңгейде дамып жатыр. Олар ересектер арасында үздік үштікке кіреді. Өздері клуб ашқан, қымбат аттарды клуб қаржысына алған. Сонымен қатар, оңтүстіктен легионер шақырылған. Оларға 100-150 мың теңге жалақы береді. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Бір мектеп, ешқандай бәсекелестік байқалмайды.  Мәселен, күрестен іріктеледі, мықтылар анықталады. Біздер тек  өз балаларымызды апарамыз. Соңғы кезде Қобда, Талдысай, Еңбекші деген ауылдар  көкпар өткізіп жатыр. Жеке ат алып, сыйлық тігіп, жарыс өткізеді.  Балаларды тәжірибе жинасын деп жібереміз»,- деді Б. Төлеуов.

Спорт мектебі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап иппотерапия емін жасайды. Арнайы төрт адам оқытылып, олар жыл сайын жүзден астам баланың денсаулығын нығайту үшін жұмыс істеп жүр.

null 

Спорт мектебінің шәкірттері мен оқытушыларын алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Биыл қыркүйек айында Ақтөбеде «Ақбидай» өтеді. Әзірлік басталды. Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай көкпардан әлем чемпионаты өтеді. Теңге ілуден Азия біріншілігі ұйымдастырылады. Ақтөбелік спортшылар осы жарыстардың барлығына қатысып, бақ сынайды. 

Соңғы жаңалықтар