Ақтөбеде қоғамдық көлік пен кәсіпорындар қалыпты жұмыс істеп тұр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастады. Супермаркеттер, базарлар, сауда үйлері, шағын және орта бизнес штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен банктер жабық. Кеше банкоматтарда ақша таусылды, дегенмен, бүгін инкассаторлар оларды толтыра бастады. Супермаркеттер мен өзге дүкендер тауарды қолма-қол ақшаға сатуда. Бүгін бірқатар терминал жұмыс істей бастады. Қоғамдық көлік істеп тұр, бірақ барлық бағыт желіге шықпаған.

«Ақтөбеде қоғамдық көлік қатынап жатыр, алайда барлық маршрут желіде емес. Дүйсенбі күні барлығы желіге шығады деп ойлаймын. Базарлар, супермаркеттер, дүкендер жұмыс істеп тұр. Өңірде комендант Қанат Әлиевтің басшылығымен шұғыл штаб ұйымдастырылды», - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Бәйменова.

5-19 қаңтар аралығында аймақта төтенше жағдай режимі енгізілді. Оған сәйкес, Ақтөбеде сағат 22.00 – 06.00 аралығында команданттық сағат белгіленді. Яғни қала бойынша жаяу және көлікпен жүріп-тұруға тыйым салынған. Митинг өткен орталық даңғыл аумағында қоршаулар алынбаған.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, митинг кезінде тонау фактілері болған жоқ.

«Тонау фактілері тіркелген жоқ. Шағын және орта бизнес, ірі ұйымдар жұмыс істеп тұр. Газ 50-52 теңгеден сатылуда, бензин бар. Облыс аумағы бойынша блок-бекеттер қойылды. Күндізгі уақытта Ақтөбеде жүріп-тұруға болады. Бірақ түнгі уақытта қозғалысқа тыйым бар», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғани Жәкішев.

Соңғы жаңалықтар