Ақтөбеде «Қоғам. Тұлға. Отбасы» атты ата-аналар форумы өтті

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде облыстық ата-аналар форумы өтіп, онда бала тәрбиесі, негізгі проблемаларды анықтау және оларды шешудегі ата-ана, мектеп мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылының маңыздылығы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Оқу-ағарту министрлігінің өкілі, «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының» директоры Есенғазы Иманғалиев, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, салалық кәсіподақтардың өкілдері, ата-аналар қауымдастығы, ардагер мұғалімдер және т.б. қатысты. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның өзекті мәселелеріне бей-жай қарамайтын мыңға жуық белсенді азаматтар жиналды.


«Бүгінде өңірде 18 жасқа дейін 200 мыңнан астам бала, 260 мыңдай отбасы бар. Сондықтан, ата-аналар қауымдастығы – ең үлкен күшке ие аудитория. Ал, осы үлкен қауымдастықтың мәселесін көтеріп, көкейкесті сұрақтарды жеткізуде сіздердің үлестеріңіз орасан зор. Ата-ана ретінде ұрпақ тәрбиесі баршамыз үшін маңызды. Бұл бағыттағы мақсатымыз да, мүддеміз бір. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Отбасы ұғымы – біздің халқымызда ежелден қастерлі түсінік. Мықты мемлекет болу үшін қоғамда қуатты отбасы көп болу керек. Тәрбиенің тал бесіктен басталатыны белгілі», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.


Сарапшылар, оның ішінде жетекші психологтер, педагогтер, тәлімгерлер және басқа да мамандар ұрпақтарды тәрбиелеу және құндылықтар диалектикасы, болашақта баланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ХХІ ғасырдағы Z және альфа ұрпақтарының құзыреттілігі, гаджеттерге тәуелділік және басқа да мәселелердің шешу жолдарын талқылады.

«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының» директоры Есенғазы Иманғалиев кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты алдын алу туралы маңызды мәселені көтерді.

«18 жасқа дейінгі балалар арасында құқықбұзушылықтар саны артып келеді. Қазір тәртіп сақшылары нақты деректерді тіркеп отыр: оның ішінде мектептердегі буллинг, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықты айтуға болады. Мәселеге әсер ететін бес фактор: ұрпақтар сабақтастығының болмауы, ата-аналардың мектептегі оқу-тәрбие процесіне қатысуының төмендеуі, отбасындағы тәрбиенің болмауы, интернет кеңістігінің ашықтығы. Осы жағымсыз факторлардың теріс салдарын жоюға қазір ата-аналар, педагогтер және бүкіл жұртшылық мұқият назар аударуы қажет», - деп атап өтті Есенғазы Иманғалиев.


Форум барысында мәселелер ашық талқыланды. Оның ішінде, синтетикалық есірткіге қарсы күрес тақырыбы өте өзекті болды.

«Бүгінгі қоғамда бұл улы заттардың таралымы ұлғайып, ал олардан арылу өте қиынға соғып барады. Өкінішке орай, технологияның, химия өнеркәсібінің дамуы адамзатқа бұл жағдайда теріс әсерін тигізіп отыр. Мен бұл мәселемен бірнеше жылдан бері айналысып келемін және қоғам аталған проблемаға бей-жай қарамай, тек бірігіп қана бұл ауруды жеңе алатынымызды анық түсінемін. Сізден мұқият болып, сіз тұратын аудандарды, үйлерді, кіреберістерді қадағалауды сұраймын. Сонымен бірге, ұлттық рухани құндылықтарға негізделген балаларды тәрбиелеу мәселесі де өте маңызды», - деді Ералы Тоғжанов форум қатысушыларына арнаған сөзінде.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қазақстанның тәуелсіз кәсіби бағдар берушілері мен мансаптық консультанттары қауымдастығының президенті Мадина Билялованың оқушылармен кәсіптік бағдар беру жұмысының маңыздылығы мен қажеттілігі туралы ұсыныстарын қолдады.


«Әр мектепте кәсіптік бағдар беру қажет. Біз бұл жұмысты қазір жүргізіп жатырмыз. 7-сыныптан бастау өте кеш, біз баланы мектепке барған сәттен бастап оның қабілеттері мен таланттарын ескере отырып бағыттауымыз керек», - деді аймақ басшысы.

Форум барысында баланы тәрбиелеу мен өмір жолында қалыптастыра білу туралы негізгі өзекті мәселелерге қатысты сындарлы диалог болды. Оларды оңтайлы шешу және осы бағытта бірлесіп әрекет ету жолдары анықталды.


Соңғы жаңалықтар