Ақтөбеде кейбір басшылар кабинеттерінің кеңдігін нормадан асырып жіберген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде басшылар кең де жайлы кабинетте отырса, мемлекеттік қызметшілер тар бөлмені өзара бөлісуге мәжбүр. Бұл олқылықты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрлігі бекіткен талап бойынша басшылар 25 шаршы метр кабинетте отыра алады және оған 10 шаршы метр демалыс бөлмесіне рұқсат бар. Оның орынбасарына тек 20 шаршы метр бөлінеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мониторинг жасап, бірнеше мекеменің талаптарды сақтамағанын анықтады. Мәселен, Батыс Қазақстан аймақаралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің басшысы аумағы 47 шаршы метр болатын кабинетте отыр. Демалыс бөлмесі 27 ш.м., қабылдау бөлмесі 31 ш.м. Қызметкерлері де 84 шаршы метр кабинетте жұмыс істер отыр. Яғни, олар белгіленген нормадан асырып жіберді.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік корпорациясының аумақтық инпекциясы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық инспекциясы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменті, Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, экология департаменті нормативті сақтамай отыр. Олардың басшылары кең де жайлы кабинетте, ал қызметкерлері тар жерде жұмыс істейді. Кейбір мекемелер кабинеттерді жалға алып отырғанын ескерсек, олардың бюджет ақшасын тиімсіз жұмсап отырғанын көруге болады», - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар