Ақтөбеде Қазақстан-Израиль бизнес форумы өтіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Қазақстан-Израиль бизнес форумы басталды. Форумға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаэль Бродский, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Израильдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамыту мақсатында Ақтөбеде бизнес форум басталды. Форумға ауыл шаруашылығы кешені, медицина, жасыл экономика, өнеркәсіп, ақпараттық технология және тағы да басқа салалардың израильдік және ақтөбелік компания басшылары қатысып жатыр. Ақтөбе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Израильдің арасындағы ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Қазіргі уақытта елімізде израильдік инвесторлардың қатысуымен 270 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Қарым-қатынас құрылыс, мұнай-газ, металлургия, тау кен және өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика және сауда саласында жақсы дамыған. 2016 жылы Ақтөбе облысы мен Израиль арасындағы тауар айналымы 63,1 мың АҚШ долларына жетіп, өңірге көкөніс, цитрусты, кептірілген жеміс, сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар жеткізілген.

«Ақтөбенің жер қойнауы өте бай. Өңірде Менделеев кестесіндегі металдың барлық түрі кездеседі. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Руская медная компания» ЖШС секілді ірі үш компания тұрақты жұмыс істеп тұр. Әрі Ақтөбе Батыс Қытай-Батыс Еуропа халықаралық дәлізінде орналасқан, Еуропа мен Азияның қақпасы. Географиялық орналасқан жері өнімді тасымалдау кезінде өте ыңғайлы. Әрі бізде кәсіпкерлерге арналған Индустриялды аймақ бар. Аумағы 200 гектар болатын жерге барлық инфрақұрылым тартылған. Темір жол, тас жол, электр тогы жеткізіліп, су құбыры тартылды. Аймақта Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Форум кезінде өткен жылы болған лаңкестік оқиғаға қарамастан өңірде тұрақтылық сақталғанын, инвесторлар үшін елде қауіпсіздік қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Форум кезінде облыс әкімі Б.Сапарбаев екі ел дәрігерлерінің арасында шеберлік сабақтары өтізіліп, бірлескен ота жасауды жолға қоюды ұсынды. Медициналық кластер құру жұмыстары басталған кезде өңірде Оңтүстік Корея дәрігерлермен бірлесе 6 бауыр, 18 бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Алдағы уақытта ақтөбеліктер Алматы мен Астанаға барып емделуді тоқтатып, Ресей мен Өзбекстанның науқастарын емдеу мүмкіндігі жасалады. Бұл жұмысты іске асыру үшін ақтөбеліктер израильдік дәрігерлердің де көмегіне жүгінбек.  

2

3

4

5

Соңғы жаңалықтар