Ақтөбеде қаза болған жылқышының баласы тергеуге күмән келтірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қаза болған жылқышылардың екеуі әкелі-балалы бақташы болған. Оқиға болған күні олардың аты-жөндері әлеуметтік желі арқылы тарап, Ішкі істер органдары қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екеуіне іздеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қызылбұлақ ауылдық округінде 14 ақпан күні үш жылқышының мүрдесі табылды. Олардың екеуі әкелі-балалы. 67 жастағы Болат Бұхарбаев пен 24 жастағы Қожахмет Мұрат алғашқы кезде жәбірленушілердің емес, қылмыскерлердің қатарына қосылып кеткен. Себебі, әкелі-балалы екі адамның аты-жөндері туралы ақпарат Ішкі істер органдарының күдіктілерді іздеу бағыттамасында жүріпті. Бұл ақпаратты көрген ақтөбелік Райымбек Әйтекенов бірден тергеуге күмән келтірді. Оның айтуынша, қаза болғандардың бірі - оның әкесі, екіншісі - туған інісі.

«Кемерши ауылындағы малды ауылда бәріміз жұмыс істедік. Бірақ мен қосымша вахталық әдіспен еңбек еттім. Әкем мен інім сол жерде жылқы бақты, жұмыс істеді. Мен жұмыста жүргенде қарындасым телефон шалып, жылады. Кейін жақын ағамыз мән-жайды түсіндірді. Ауылға келіп, не жағдай деп сұрасақ, сол кезде «әкең қашып кетті» деп айтты. Ол қашпаған. Білуімізше малды қарауға кетіп бара жатқан кезде артқы жағынан екі рет атқан. Бірден таба алмаған соң полиция қызметкерлері «қашып кетті» деп іздеуге салған. Неге олар бәрін тергеп, тексермей іздеу салады?», - дейді Р.Әйтекенов.

Р.Әйтекеновтің айтуынша, Болат Бұхарбаев пен Қожахмет Мұраттың аты-жөндерін «күдіктілер тізімінен алдық» деп айтып, жәбірленуші тарапқа хабар берген. Бірақ күмән әлі сейілмей отыр.

Айта кетейік, облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі 14 ақпан күні қылмыстық оқиға болғанын растады. Қазіргі уақытта 42 жастағы күдікті қамауда отыр . Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
null  

Соңғы жаңалықтар