Ақтөбеде кәсіпкерлік қызметті қолдаудың жол картасы жасалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Ақтөбеге келді. Бизнес саласындағы мәселелер талқыланған жиында кәсіпкерлік қызметті қолдаудың жол картасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер жиі кездесетін мәселе туралы егжей-тегжейлі айтты. Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін омбудсмен мен оның аппаратына бизнесті қорғау туралы 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың 46 пайызы толық немесе ішінара шешімін тапқан. Қорғалған мүліктік құқықтың құны - 110,8 млрд теңге. Мұның ішіне жойылған айыппұлдар, өсімақылар, кәсіпкерге қайтарылған немесе сақталған мүлік кіреді. Ең көп өтініш жер қатынастары, салық, сатып алу мәселелері бойынша және құқық қорғау органдарына түскен. 2018 жылы Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен бизнесті қорғау мәселелері бойынша 283 өтініш түсті. Оның 164-і оң шешімін тапты.

Болат Палымбетовтың айтуынша, жыл сайын ҚР Экономика министрлігімен бірге кәсіпкерлік ортаны жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Егер 2011 жылы лицензиялар мен рұқсаттардың 1115 түрі болса, қазір олардың саны 315-ті құрайды. 800-ден астам немесе 72 пайыз рұқсат пен лицензия қысқартылды. Бәрі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңында реттелген. Сондай-ақ бизнес-омбудсмен бизнесмендерге қатысты қылмыстық және әкімшілік заңнаманы оңтайландыру жұмыстары туралы айтты. 2019 жылдан бастап экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер саны бес есеге қысқарды. Ал қазақстандық кәсіпкерлерді қорғау аумағы бүгін ЕАЭО елдерін қамтыды.

Айта кету керек, жүйелі мәселелерді шешу Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен қол қойылған «Жол картасы» аясында жүзеге асырылады.Кездесу соңында жиналысқа қатысушылар Ақтөбе облысында кәсіпкерлік қызметті қолдауға арналған тағы бір жол картасын бекітті және оған қол қойды.

Жол картасында 11 тармақ бар. Бірінші кезекте жер учаскелері туралы ақпаратқа онлайн қол жеткізуді қамтамасыз ету және инженерлік - коммуникациялық желілерге қосу; жеке меншік балабақшаларды жан басына қаржыландыруға бөлінетін қаражатты арттыру; жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын Ақтөбе облысының сүт-тауар фермаларын дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу; асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына 50 бастан бастап сүт-тауар фермалары үшін мал азығын дайындауды субсидиялауды көздейтін өзгерістер енгізу; ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиямен қамтуға және олардың тиімділігіне талдау жүргізу және басқа да өзекті мәселелер көрініс тапты.

«Жалпы, барлық өңірде проблемалардың 90% жергілікті деңгейде шешіледі. Жол картасын жүзеге асыруда кәсіпкерлер палатасының облыс әкімдігімен бірлескен жұмысы аймақ бизнесінің дамуына айтарлықтай серпін беретініне сенімдімін. Ақтөбе облысының кәсіпкерлер Палатасының шекаралық ынтымақтастықты дамытудағы белсенді жұмысын ерекше атап өткім келеді. 2017 жылы Ресейдің бизнес-омбудсменімен қол қойылған келісімнің арқасында олар Ресей мен Қазақстан өңірлерінің бизнес-қауымдастықтары, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құрылымдары, билік органдары арасындағы шекаралық ынтымақтастықты орнатады»,- деді ҚР бизнес-омбудсмені Болат Палымбетов.

Статистикаға сүйенсек, Ақтөбе облысында жұмыс істеп тұрған 58 388 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Соңғы жаңалықтар