Ақтөбеде кәсіпкерлердің жұмысына әкімдік қызметкерлері де кедергі келтірген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық прокуратурасы Хромтау ауданының бірнеше мемлекеттік мекемесіне тексеру жүргізді. Прокурорлар бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған бірнеше мемлекеттік мекемені анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының прокуратурасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықққа қарсы іс-қимыл департаменті, Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе аудан әкімдігіне, мемлекеттік кірістер, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімдеріне тексеру жүргізді. Бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырғандардың көбі әкімдік қызметкерлері.

«Хромтау қаласының бас жоспары екі рет өзгерген екен. Сол кезде бизнеске арналған 30 жер телімі тізімнен шығып қалды. Нәтижесінде 7 кәсіпкердің жер телімін қайтарып бергені анықталды. Қайтарылған жердің орнына өзге жер телімін ұсынуы тиіс әкімдік тек бір кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырған. Сонымен қатар, Жер Кодексіне сәйкес жер тек аукцион арқылы берілуі тиіс. Алайда Хромтау қаласының әкімдігі жерді іріктеу арқылы бөліп, кейбір адамдарға басымдық берген. Жер ала алмай жүргендер де, бірнеше рет жер телімін алып, пайдаға кенелгендер де тексеру кезінде анықталды»,- деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Ал Хромтау аудандық ішкі істер департаментінің қызметкерлері 44 кәсіпкерді заңсыз әкімшілік жауапқа тартқан. Прокуратура кейін бұл шешімдердің күшін жойды. Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлері сыртқы жарнама үшін шығынға батқан. Мәселен, «Донская нефтебаза» АҚ-ы 4 мың теңгелік жарнаманың орнына 38 мың теңге төлеп, негізсіз қаржы шығындаған.

«Екі жыл бұрын «САК групп» ЖШС-і Бөгетсай орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал аудандық білім бөлімі бар жұмысты бітіріп берген құрылыс компаниясына 11 миллион теңгені әлі бермей отыр. Хромтау ауданы кәсіпкерлерінің осы және өзге де мәселелері Ақтөбе облысы прокурорының бақылауына алынып, заңсыздықтар жойылды. Енді жер тек Жер Кодексіне сай беріледі. Бас жоспардағы өзгеріс кезінде жерінен айырылған кәсіпкерлерге басқа жер телімі ұсынылады. Мұндай тексеру барлық ауданда жүргізілетін болды»,- деп хабарлады облыс прокурорының баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар