Ақтөбеде кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті кәсіпкерлерді бопсалады деген күдікпен қылмыстық топ мүшелерін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық топ құрамында деструктивті ағым жетегінде жүрген алты адам болған. Олар діннің атын жамылып, бірнеше рет екі жас жігіттен ақша бопсалаған. Жедел іс-шараларды өткізу барысында аталған адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Осы іс бойынша Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Сонымен бірге олардың осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Егер қылмыстың осындай түріне тап болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз»,- деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде 66 жастағы зейнеткер өзінің жылжымайтын мүлкі мен барлық қаражатынан айырылғанын хабарладық.

Шілде айында өзін банк қызметкерімін деп таныстырған белгісіз ер адам зейнеткерге қоңырау шалған. Алаяқ мұндай операцияны әдеттегі жұмыс деп түсіндірді. Тіпті жәбірленушіге банк шотын қорғау туралы ұсыныс айтты. Сөйтіп күдікті зейнеткерден барлық жинағын депозиттен «қауіпсіз» шотқа аударуды сұрады. Тіпті мүлкін сатуды ұсынды. Жәбірленуші алаяққа сеніп, жалпы көлемі 24 млн теңге ақшасынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар