Ақтөбеде кәсіпкерлер мен фермерлер бос жатқан жерді мемлекетке қайтарды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының прокурорлары өңірде 736 мың гектардан астам жердің кәдеге аспай, бос жатқанын анықтады. Сонымен бірге кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдері де кері қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс прокуратурасы пайдаланылмаған жерлерді анықтау бойынша талдау жүргізді. Биыл 736 531 га көлемінде жер анықталды. Шамамен оның құны 283,2 млн теңгеден асады. Қазіргі кезде 62 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал 110 мың гектар жер учаскесі игеріліп, қайта айналымға тартылды. Жайылымды жұмыс пайдаланбай отырған шаруашылықтар да бар.

«Ақтөбе облысы Мартөк ауданында шаруа қожалығына жалпы көлемі 4 800 га жер жайылымға берілген. Ал мемлекеттік органдарының мәліметтеріне сүйенсек, қожалық атында ешқандай да мал басы тіркелмегені және егін егу жұмыстары жүргізілмеген. Осыған ұқсас жағдай 31 шаруашылықта анықталды. Олардың игілігінде 13 653 га құрайтын жер учаскелері болған», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Сонымен бірге облыста кәсіпкерлік мақсатта алып, пайдаланылмай жатқан 58 жер телімі бар. Оның ауданы 21 820 га құрайды. Қазіргі кезде 17 мың гектардан астамы кері қайтарылды.

«2016 жылы хромтаулық кәсіпкерлерге 0,0312 га және 0,0015 га жер учаскелері берілген. Алайда олар осы уақытқа дейін тиісінше пайдаланылмаған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған жер учаскелері мемлекет қорына қайтарылды», — хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар