Ақтөбеде кәсіпкерді бопсалаған күдікті ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында ақша бопсалағандар арнайы жасақпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік жас жігіт маусым айының басында полицияға ірі көлемде ақша бопсалап жүргендер туралы арыз түсірді. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жедел іздеу шарасын жүргізіп, 34 және 39 жастағы екі ақтөбелікті 1 миллион теңге алып жатқан жерінен ұстады. Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» бабы бойынша іс қозғалды.

«Таяуда осы секілді тағы бір қылмыс тіркелді. 6 маусым күні 26 жастағы кәсіпкерден арыз түсті. Ол 33 жастағы танысының ұзақ уақыттан бері 1,8 миллион теңгені, сонымен қатар құны 200 мың теңге болатын ұялы телефонын қорқытып алғанын хабарлады. Бопсалаушы тағы 5 миллион теңге сұрағанда жас жігіт полицияға жүгінген. 20 маусым күні ПД жедел қимыл арнайы жасағы жіберіліп, 4 миллион теңге алып жатқан күдікті ұсталды», - деді облыстық ПД баспасөз жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.

Соңғы жаңалықтар