Ақтөбеде қариялардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталық ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында зейнет жасындағы қариялардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталық ашылды. Мұнда бес бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде белсенді өмір сүру орталығы ашылды. Орталықта алты секция бар. Олар: салауатты өмір салты, құқық және психология, қызығушылықтар бойынша клубтар, әңгімелесу және тіл үйрену клубтары, компьютерлік сауаттылықты арттыру. Зейнеткерлер орталықта бассейнге жүзіп, музыкалық аспапта да ойнай алады.

«Кейбірі зейнеткерлікке шыққаннан кейін күнкөріс қамымен жүрген бала-шағасының жағдайын ойлап, күйзеліске салынады. Тағы бір тобы немерелерін бағады. Ал бұл орталық әр саланың адамдарын бір арнаға тоғыстырып, бұрын уақыт таппаған қызықты істерімен айналысуға мүмкіндік береді. Өзім медицина саласында еңбек еттім. Домбыра, скрипкада ойнағанды ұнатамын. Серуендегенді жақсы көремін, шахмат ойнаймын. Осы істермен тұрақты айналысатын боламын», - деді 80 жастан асқан дәрігер Серғазы Қорғанбеков.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында іске асырылды. «Орталық ашудағы негізгі мақсат - егде жастағы адамдардың денсаулығын шынықтыру, қолдау және медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсету. Олардың интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін қоғамды дамытуға тиімді пайдалану», - деді партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ақнияз.

Соңғы жаңалықтар