Ақтөбеде Қаратал ауылына газ берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының Ойыл ауданы Қаратал ауылына газ берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаратал ауылында 1400-дей адам көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл мақсатқа мемлекет 457 млн теңгеден астам қаржы бөлді.
«Енді жұмыстарыңыз жеңілдеп, ыңғайлы болатынына қуаныштымын. Бұрынғыдай көмір мен ағаш сатып алып, от жақпайсыздар, күл шығармайсыздар. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге көп уақыт бөлетін боласыздар. Еліміздің 30 жылдық тәуелсіздігімен және Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын»- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Сондай-ақ Ойыл ауданында Бестамақ ауылының 220-дан астам тұрғынын орталықтандырылған сумен қамтитын сумен жабдықтау жүйесі пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға 241 млн теңгедей бюджет қаржысы бөлінген. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға қойған жоспарлар жайында есеп берді.
«Біздің ауданда барлығы 22 елді мекен бар, оның жиырмасы орталықтандырылған сумен қамтылған. Соның ішінде биыл 200 адамнан аспайтын халқы бар бес ауылға қосымша қаражат есебінен су тазартатын блокті-модульді станса орнатылды. Қалған Қарасу мен Шұбаршиді сумен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Сонымен қатар, осы жылы аудан бойынша 14 көшеге асфальт төселсе, олардың бесеуі аудан орталығында. Қаратал мен Құмжарған ауылдарының көшелері 100% жарықтанды.
Бұдан өзге, Қаратал ауылының көшелеріне 5 бейне бақылау камерасы орнатылып, учаскелік полиция бекетіне қосылды.Нәтижесінде, биыл ауылда бір де бір құқықбұзушылық тіркелген жоқ. Соның ішінде мал ұрлығы дерегі тіркелмеді»,- дейді аудан әкімі Асқар Қазыбаев.


Соңғы жаңалықтар