Ақтөбеде карантин жеңілдеп, балалар қайтадан мектепке барады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде карантин шектеуі жеңілдеді. Енді балалар мектепке қайта орала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы «сары» аймақта. Бүгін облыстық бас санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес әлі де білім беру мекемелеріндегі асхана жұмысына тыйым салынған. Сонымен бірге ұжымдық ауызашар өткізуге болмайды. «ASHYQ» жобасы енгізілген болса боулинг, компьютерлік клубтар, оның ішінде PlayStation клубтары, бильярд, караоке өз клиенттерін қабылдай алады. Ал балалардың ойын-сауық орталықтары, түнгі және ойын клубтары, кальян, букмекер кеңселер мен лото-клубтар әлі де жабық тұрады. Адамдар көп жиналатын конференциялар, форумдар, ойын-сауық, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды өткізуге болмайды.

«Контингенті 300 оқушыға шақталған қалалық және ауылдық мектептер жұмысын бастайды. Мұнда әр сыныптағы бала саны 25-тен аспауы тиіс. Сонымен бірге жалпы білім беретін мектептерде барлық сынып оқушылары аралас форматта білім алады. Мұнда да бала саны 25-тен аспауы тиіс. Пәндердің 70 пайызын мектепте оқиды. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта бала санын 15-тен асырмай жеке оқыту ұйымдастыруға рұқсат. Арнайы, мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар, жалпы типтегі мектеп-интернаттар және дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар, орта және жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін штаттық оқытуға рұқсат беріледі», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.


Соңғы жаңалықтар