Ақтөбеде карантин шектеуін жеңілдету мәселесі қаралды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде кәсіпкерлер облыстың бас санитар дәрігерінен карантин шектеуін жеңілдетуді сұрады. Сұранысқа сай сенбі, жексенбі күндері базарлар мен қоғамдық тамақтану орындары қайта жұмыс істеуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша 3600-ден астам кәсіпкерлік нысан мен мекемеде «Ashyq» жобасы бар. Олардың 70-ке жуығы «көшбасшы» мәртебесін алған. Бүгін өңірлік кәсіпкерлік палатасына жиналған бизнес иелері еліміздегі карантин шектеуіне байланысты облыс аумағында да жаңа қаулы қабылдауға шақырды. Кездесуге облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева қатысып, мән-жайды түсіндірді.

«Осы аптада күн сайын 400-500 адамнан коронавирус инфекциясы табылуы мүмкін деп айтқанмын. Бұл келесі аптаның алғашқы жартысында да жалғасуы мүмкін. Демек әлі де эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Біз ведомствоаралық комиссияның шешімінен соң жаңа қаулыны дайындауға кірістік. Енді сенбі, жексенбі күндері қоғамдық тамақтану орындары, сауда орындары, сауда үйлері мен ашық, жабық базарлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілуі мүмкін. Бір талапты ескен шығармаймыз. Онда «жасыл» мәртебесі бар адамдар ғана кіре алады. Сонымен бірге біздегі базарлардың бірнеше кіру-шығу есігі бар. Әрқайсысының алдында жауапты қызметкер тұрып, бәрін QR код арқылы кіргізуі шарт. Егер медициналық көрсеткішіне байланысты вакцина салдырмаса, анықтама сұралады. Сонымен бірге вирус жұқтырып, уақытша екпе алмай жүргендер де растау құжатын көрсетуі тиіс», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Айта кетейік, жексенбі күндері қалада қоғамдық көлік жүрмейді. Бұл шектеу сол күйі өзгеріссіз қалмақ


Соңғы жаңалықтар