Ақтөбеде карантин шектеуін өрескел бұзған бірнеше мейрамхана жабылуы мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бірнеше мейрамхананы жабу үшін материалды сотқа жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг тобы және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 169 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 19 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша 18 нысанға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Карантин талабын бірнеше рет бұзған 13 нысан бойынша материал (қоғамдық тамақтану объектілері салтанатты, отбасылық, ұжымдық іс-шаралар өткізді, караоке, компьютерлік клубтар жұмыс істеді) әкімшілік сотқа берілді. Енді қызметін тоқтатуы мүмкін. Олар: «Диана», «Андр», «Салтанат сарайы», «Дулат», «1001 түн», «Ғарыш», «Нұр», «Хан Орда» мейрамханалары, «Душа» караоке клубы, «Virtual club» , «Sun STRIKE» ойын клубы (компьютерлік) және өзгесі«, - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті барлық кәсіпкерлік субъектісіне жаппай жаңа жылдық іс-шараларын өткізуге (оның ішінде ертеңгіліктер, корпоративтер), меншік нысанына қарамастан барлық объектілер мен ұйымдарда ұжымдық, топтық мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салды.

Соңғы жаңалықтар