Ақтөбеде қаңтар оқиғасына қатысқандарға сот үкімі шықты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына қатысқан бір топ күдіктіге сот үкімі оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар оқиғасынан соң қозғалған қылмыстық іс «Жаппай тәртіпсіздік», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық», «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» баптары бойынша қаралды. Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушылар көлігімен полиция қызметкерлері мен адамдарды қаққан сотталушыны Исаевті 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Кейбір сотталушылардың жазасын жеңілдету қажет деп тапты.

Сот үкімімен сотталушылар Е.Ажниязов, А.Омаров ақталды. Тағылған айып бойынша құқықбұзушылық анықталмай, олар сот залынан босап шықты. Енді Е.Ажниязов, А.Омаров өз құқығын қорғап, заңсыз қудалауға ұшарағаны үшін шағым түсіре алады.

«Н.Исаев Қылмыстық кодекстің 370-1-бабы 2-бөлігі 1, 5 тармақтары және 272-бабы 2-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтесін. Жазасын өтеу мерзімі 2022 жылдың 9-қаңтарынан бастап есептелсін. Көлігі мемлекет меншігіне тәркіленсін. Сотталушы Д.Қами Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылсын», - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Сотталушы Д. Әбиев айыпты деп танылып, түпкілікті 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын өтеу мерзімі қамауға алған күндерімен есептеліп, сот залынан босталды. Дәл осылай сотталушылар Ж.Есмурзаева, Қ.Шамуратов, Н.Мұхит, А.Бекеев, Б.Аманғосов айыпты деп танылғанымен, сот залынан үйіне жіберілді.

Ал алаңға тас тасыған Е.Құттыбаев, Қ.Баймұратов айыпты деп танылып, 9 айға шартты түрде бас бостандығынан шектелді. Ал екі жүк көлігі тәркіленді. Сонымен бірге Н.Өмірәлі, Ж.Искаков, Б,Құспанов, Р.Ахметов, А.Садуақасов, Ә.Дәукен 9 ай пробациялық бақылауда болады.

Сот облыс әкімдігі, облыстық полиция департаменті мен күзет басқармасының шығынды өндіру туралы арызын қараусыз қалдырды. Бұл азаматтық іс ретінде бөлек қаралады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар 15 күнде апелляциялық шағым түсіре алады.


Соңғы жаңалықтар