Ақтөбеде ит ұстау мен серуенге шығару ережелерін бекіту ұсынылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша үй жануарларын ұстау және серуенге шығару ережелері бекіту ұсынылды. Бүгін облыстық мәслихат тиісті қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үй жануарларын асүйлер мен жатақхана дәліздерінде, жертөледе, шатырда, балконда және ортақ пайдаланылатын қосалқы үй-жайларда ұстауға тыйым салынады. Итті ұстау мүмкін болмаса, онда оны иесі басқа адамға беруге, уақытша күтіп-бағу орындарына орналастыруға, зоологиялық жатынжайға тапсыруға міндеттеледі. Ит өздігінен серуенге жіберілмеуі тиіс. Ол байлаулы немесе үйшікте болуы қажет», - делінген қаулыда .

Құжатта итті тыйым салынбаған жерлерде 2 метрден аспайтын қарғы баумен, тұмылдырықсыз серуенге шығаруға болатыны жазылған. Дегенмен, жануар иесі тұмылдырық алып жүруге міндетті. Қажет болған жағдайда оны тағуы тиіс.

«Үй жануарлары көше немесе магистраль жанында болған кезде оларға тұмылдырық кигізіледі және 1,5 метрден аспайтын қысқа қарғы бау тағылады. Сондай-ақ, итті мектеп, медицина және мәдениет ұйымдары, спорттық ойын алаңдарының аумағында ұстауға тыйым салынады», - деп көрсетілген қаулыда.

Құжат 10 күннен кейін заңды күшіне енеді. Еске сала кетейік, келесі жылдан бастап Ақтөбеде иттерге чип тағылады.


Соңғы жаңалықтар