Ақтөбеде ІТ-парк құрылды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ІТ-парк құрылды. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов шығармашыл жастарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы жастармен кездесіп, креативті салаларды дамытудың келешегін талқылады. Еркін форматта өткен жиында жастар өз ойымен бөлісіп, толғандырған мәселелерін ортаға салды. Ералы Тоғжанов креативті салалар экономиканың драйверіне айнала алатынын және бұл саланы дамытуда дарынды жастар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Мен идеяларды тыңдағым келеді. Шығармашылық салаларды дамытуға, дарынды жастардың мәдени әлеуетін толық іске асыруға қолайлы жағдай жасау үшін не қажет деп ойлайсыз?», - деді облыс әкімі жиналғандар алдында.

Шығармашыл жастарға арналған коворкинг орталықтарын ашу, цифрлық білім беру контентін құру бойынша жас мұғалімдер арасында байқау ұйымдастыру, киберспорт федерациясының филиалын ашу, ІТ-парк құру туралы және аймақтағы цифрлық индустрияны дамыту орталығын ашу туралы ұсыныстар айтылды.

Ұсыныстарды тыңдаған Ералы Тоғжанов апта соңына дейін оларды жүзеге асырудың нақты жоспарымен таныстыру міндетін қойды. Сонымен қатар Ақтөбеде ақпараттық технологиялар паркін құру жұмыстары басталып кеткенін айтты.

«Мен қысқа мерзімде ІТ-парк құруды тапсырдым. Идея қажет. Әрине, материалдық базамен қамтамасыз ету жағынан қолдау көрсетіледі. Коронавирустық пандемия IT саласын дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бірнеше жылдан бері ақпараттық технологиялар әлемдік экономикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан сала екенін былай қойғанда, қазіргі уақытта онсыз жедел шаралар қабылдау мүмкін емес», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімі мен ақтөбелік жастардың ұсыныстарын жан-жақты қарастыру жөніндегі кезекті кездесуі осы аптаның соңында өтеді.


Соңғы жаңалықтар